
Елбасының биылғы дәстүрлі жолдауында білім және ғылым министрлігіне «педагог мәртебесі» туралы заң қабылдауды тапсырған еді. Осы тапсырмаға байланысты білім және ғылым министрлігі өзінің физбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына төмендегідей ақпарат ұсынды:
Елбасы Жолдауын орындау мақсатында ҚР БҒМ «Педагог мәртебесі туралы», оқушы және мұғалім жүктемесін азайту сұрақтары бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңдарының жобаларын әзірлеуде. Осы заң жобаларын әзірлеу мақсатында жұмыс тобы құрылды.
Мектеп, колледж, ЖОО педагогтарын, мемлекеттік органдар өкілдерін, ата-аналарды әзірленіп жатқан заң жобаларын талқылауға белсенді қатысуға шақырамыз. ҚР БҒМ барлық мүдделі азаматтар мен заңды тұлғаларды шақырады.
Заң жобалары әзірленген соң, Министрлік барлық аймақтарда осы заң жобаларын талқылау мақсатында жұмыс тобы мүшелерінің педагогикалық және ата-аналар қауымдастықтарымен кездесулерін ұйымдастыруды жоспарлауда.
Осы заң жобаларына қосар ұсыныстарыңызды bilimdiel.project@mail.ru электронды адресіне жіберулеріңізді сұраймыз.
Ұсыныстар http://edu.gov.kz/ru/index.php,www.bilimdinews.kz электронды ресурсының «Педагог мәртебесі туралы» Заңды талқылаудамыз» бөлімінде және республикалық «Білімді ел» газетінде жарияланатын болады.
Осыған байланысты «ҚАЗБІЛІМ» ақпараттық порталы да ұстаздардың аталмыш заңға ұсыныстарын күнделікті жариялап, қоғам назарына ұсынуды жөн көрді. Заңға байланысты ұсыныстарыңыз болса жүйелеп, kazbilim@gmail.com электронды поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.
МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ҰСЫНЫС
Білім саласының қазанына отыз үш жыл қайнаған адам ретінде өзімнің көңілге түйген ұсыныстарымды жеткізуді жөн көріп отырмын.
Кез-келген мамандықтың мәртебесін көтеру сол мамандықта жұмыс жасап жатқан адамның еңбегін бағалаудан басталады деп ойлаймын.
Ал мұғалімдік еңбек өте күрделі – еңбек. Оның ерекшелігі, еңбегінің нәтижесі күнбе-күн немесе жылма-жыл көрінбеуі мүмкін. Сондықтанда мұғалімдердің еңбегі дұрыс бағаланбай жатады.
Бір ғана мысал келтірейін. Білім саласында қырықтан астам жыл еңбек еткен, жоғарғы білімді, жоғарғы санатты бастауыш сынып мұғалімін зейнеткерлік жасқа шыққан кезде аудандық білім бөлімінің мақтау грамотасы, азын-аулық ыдыс-аяқ сыйға тартып шығарып салуы көңілге қонбайтын көрініс. Бұл дұрыс емес. Мұндай көрініс бізде ғана емес барлық жерде бар деп ойлаймын. Әсіресе ауылдық жерлерде көп кездеседі. Өйткені, дәл осындай жағдай өзім жұмыс жасаған мектепте екі-үш рет қайталанды. Осы жағдайды «Мұғалім мәртебесі туралы заңда» бір жүйеге келтіру керек.
Жоғары білім алып мұғалімдік еңбек жолын бастаған жас маман 21-22 жаста болады деп есептесек зейнеткерлік жасқа жеткенше 40-тан астам жыл жұмыс жасайды екен.
Осындай кезде мұғалімнің ұзақ жылғы еңбегін дұрыс бағалау керек сияқты.
Сондықтан:
— 35-тен жоғары жыл тұрақты білім саласында үзбей еңбек жасаған адамға «Білім саласына еңбегі сіңген ұстаз» төс белгісін беру;
— 30 жылдан жоғары еңбек етсе «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгісін беру;
— 25 жылдан жоғары еңбек етсе «Ұстаз даңқы» төс белгісін беру;
— Жақсы жұмыс жасап, жақсы нәтиже көрсеткен жастарды аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі марапатпен кезек күттірмей марапаттап, «Білім беру ісінің үздігі» төс белгісіне дейін беру; (Жас қой кейін алады деп шегеруге болмайды. Бізде ондай жағдай көп. Жастардың да еңбегін дер кезінде бағалау керек.)
— Бұрынғы 25 жылдық еңбек өтілмен зейнеткерлікке жіберуді қалпына келтіруді ұсынамын.
Жиырма бес жылдан артық тер төгіп еңбек еткен мұғалім ақырындап елу жасқа аяқ басады. Жас кездегідей қарқын болмайды. Бірақ тәжірибе бар. Көп мұғалім жасы келген кезде: «Жас кезімізде істедік енді жастар істесін» дегенге сайдырады. Өйткені, еткен еңбек бағаланбады. Енді ақырын жүріп, зейнеткерлікке шықсақ болды дейді. Дәл осы кезде қолдау көрсетіп, көп жылдық еңбегін бағалап, еңбек өтіліне сай марапаттау жасаса мұғалім де аянып қалмасы анық.
Ұзақ жылдар еңбек еткеннен кейін көп мұғалімдер денсаулықты жоғалтады. Әсіресе нерв жүйесі тозады. Ұмытшақтық, ашуланшақтық, қалтырауықтық тағы басқа көптеген ауырлардың нышаны пайда болады. Бұлар — жеңіл түрлері. Кей жағдайда оқушыларына күлкіге айналуы да кездеседі. Осындай кездерде көп нәрсеге нерв жүйесі шыдас бермей қалатын, оқушыларына әртүрлі сөз айтып қалуы, қатты ұрмаса да қол тиіп кетуі мүмкін. Соңғы кездерде мұндай оқиғалар жиі кездесе бастады. Зейнеткерліке кетейін десе жасы жетпейді. Басқа жұмысқа ауысуға мүмкіндік жоқ. Жасы келіп қалған адамды кім жұмысқа ала қойсын. Дәл осы жағдай білім саласын бүгін үлкен тығыраққа тіреп тұр. Сондықтан бұдан шығатын жалғыз жол — 25 жылдан кейін 75 пайыздық көрсеткішпен мұғалімдерді зейнеткерлікке жіберу. Жалпы мұғалімдерді 63 жасқа дейін ұстау дұрыс емес. Бұл білім сапасына да үлкен әсер етеді. Бәріне бірдей топырақ шашпайын. Бірлі жарым денсаулығы қалыпты, жақсы сақталған адамдар кездесер. Шәкірттеріне беретіні мол болса, мектепте орын болса құба-құп, ондайда жұмыс жасатуға болады. Мұндай жағдай өте аз, сирек кездеседі. Көбінде құтыла алмай қиналып жүрген мұғалімдерді көп кездестіресіз.
Ауылдық жерде жұмыс жасайтын мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына баса назар аударған дұрыс. Әлеуметтік өтемдер үшін жылына 1000 теңге бөлу – күлкілі. Оның өзін соңғы жылдары әкімдер алып тастады. Оның сыртында әр түрлі вариативтік сабақтарды жергілікті бюжетті үнемдеу мақсатында әкімдер төлемейді. Оны мұғалімдерге тегін үйретуге тапсырады. Тегін жұмысты мұғалім жүргізгісі келмейді. Сондықтан мектеп әкімшілігі өтірік құжат толтыруға барады.
Білім беру саласының бюжетін жергілікті әкімшілікке қарату — мұғалімдерді қосымша жұмысқа тартудың үлкен бір себебі. Біз ақша төлеп отырмыз деген желеумен мұғалімдерді қыспаққа алу, ақысыз демалысқа мәжбүрлеп өтініш жаздыру сияқты мұғалімнің жағымсыз іс көрініс бар.
Сондықтан мұғалімдерді әлеуметтік жағынан қорғауды жергілікті әкімшілікке тапсырмай тура мемлекеттік бюжеттен қаржыландыру керек.
Қазір біздің мұғалімдердің арасында арнайы орта білімнен кейін жоғарғы білім алғанда басқа мамандық бойынша алып, дәл жұмыс істеп жүрген мектебінде ол мамандығы болмай қалғандықтан бұрынғы мамандығы бойынша сабақ береді. Мысалы: Бастауыш сыныптың мұғалімі қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі бойынша жоғарғы білім алды. Қазақ тілі мен әдебиетінен орын жоқ. Бастауыш пән мұғалімі бойынша сабақ бергенде оның білімін арнайы орта деп көрсету қаншалықты дұрыс. Менің ойымша, бұл да есепшілердің бюжетті үнемдейміз дегеннен ойлап тапқан дүние. Осындай даулы сұрақтардың барлығын жан-жақты ойластырып заңда бір ізді болдырса жақсы болар еді.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген. Әріптестер өз ойларыңызды ортаға салыңыздар.
Сонымен бірге біздегі заңдардың бәрі бірінші орыс тілінде жазылып, соңынан қазақ тіліне аударылуда. «Мұғалім мәртебесі туралы заңды» міндетті түрде мемлекеттік тілде, қазақ тілінде жазуды ұсынамын.
Астана қаласы 23 қазан 2018 жыл
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Талғат Әнуарбекұлы
Педагог мәртебесін айқындайтын заңға енуі тиіс баптар:
4.Мұғалім қауіпті мамандық болып қалды.
Сондықтан, мұғалімге қол жұмсаған адамға құқық қорғау органы қызметкеріне қол көтерген адамға тағайындалатындай жаза қолданылуы тиіс.
— Заң жобасын дайындауға қатардағы мұғалімдер де тартылуы тиіс
— Заң жобасы БАҚ беттерінде ашық талқыға түсуі керек.
«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ» ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ (Шымкент)
Посмотреть новость на сайте учреждения